Атырау облысында 65 жастағы зейнеткер іздестіріліп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында із-түзсіз жоғалып кеткен 65 жастағы зейнеткерді іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында 65 жастағы зейнеткер іздестіріліп жатыр

Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында тұратын 1957 жылы туған ер адам кеше, 28 қаңтарда сағат кешкі 19:30-да үйінен шығып кетіп, кері оралмаған. Содан бері жоғалған зейнеткерден бір дерек болмай тұр.

Туыстары зейнеткердің жоғалғаны туралы Төтенше жағдайлар департаментіне 29 қаңтар күні сағат 00:15-те хабар берген.

«Кешеден бері отбасына оралмаған ер адамды іздеу жергілікті учаскелік полиция инспекторларымен бірге жүргізіліп жатыр. Жоғалған зейнеткерді іздеуге Махамбет аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің жедел құтқару жасағынан 11 қызметкер, 2 қызметтік ит пен 2 арнайы техника тартылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жоғалған 9 жасар баланың денесі судан табылғанын жазған болатынбыз.