Атырау облысында 7 060 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан мәлім еткендей, мамыр айына дейін 1301 отбасындағы 7 060 адамға 200,4 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөнінде шешім қабылданған.
«Оның ішінде 1 071 отбасындағы 6 057 адамға - шартты ақшалай, ал 230 отбасының 1 003 адамына - шартсыз ақшалай көмек тағайындалды. Атаулы әлеуметтік көмектің шартты ақшалай көмек түрін алушылардың ішінде еңбекке қабілетті адамдар саны 1887 адамды құрайды. Бұлардың 101-і тәуелсіз қызметкерлер, 974-і жүгіну кезінде жұмысы барлар, 260-ы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер, ал, 552-і бала күтіміндегі отырғандар» деп хабарлады аталған басқармадан.
Жұмыссыздар санатындағы 260 адамның 82,3 пайызы жұмыспен қамту шараларымен қамтылған.
Атап айтқанда, 21 адам тұрақты, 184-і қоғамдық, 8-і әлеуметтік жұмысқа, біреуі кәсіби қайта даярлауға жіберілген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 42 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатынын жазған едік.