Атырау облысында 7,3 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында прокуратураның ықпал етуімен 7,3 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылып, 400 млн теңгенің шығыны өтелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысында 7,3 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылды

Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақановтың айтуынша, прокурорлардың азаматтарды қабылдау тиімділігі артқан. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, жеке қабылдауға жазылған азаматтардың саны 67% артты.

«Прокурорлық қадағалаудың басым бағыты – азаматтардың құқығы мен бостандығын, бизнесті, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау. Біз осы бағытта бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша оң үрдісті сақтадық», - дейді Бауыржан Жұмақанов.

Оның дерегіне сүйенсек, биыл аса ауыр қылмыстар саны 23,2% азайды. Сондай-ақ адам саудасымен (80%), азаптаумен (66,7%), экстремизм және терроризммен (50%), адам өлтірумен (33,3%), қаржы пирамидаларымен (20%), денсаулыққа ауыр зиян келтірумен (2,1%) байланысты қылмыстар азайған. Бұған қоса балаларға қатысты жыныстық қол сұғу (46,4%), мас күйде жасалған (18,4%) және есірткі (3,6%-ға) қылмыстары азайғаны байқалып отыр.

«Прокуратура органдарының ықпал ету іс-шараларымен 130 мыңнан астам азаматтың, оның ішінде 51 мың баланың, 600 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Мемлекетке 400 млн теңгенің шығыны өтеліп, 7,3 млрд теңгенің мүлкі қайтарылды. Прокуратураның үйлестіруімен 103 жұмысшыға 45,2 млн теңгенің жалақы берешегі өтелді», - деп мәлім етті Бауыржан Жұмақанов.

Облыс прокурорының айтуынша, қадағалау органының міндеті – мемлекет мүддесін, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау. Прокуратура заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға, сыбайлас жемқорлыққа, кәмелетке толмағандарға қарсы және өзге де қылмыстарға «көлеңкелі экономикаға», алаяқтыққа қарсы үйлестіру рөлін арттыра береді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында биылғы 10 айда қылмыс көрсеткіші 6 пайызға өскенін жазған едік.