Атырау облысында 82 мың адам медсақтандырудан өтпеген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 82 мыңнан астам адам сақтандырылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында 82 мың адам медсақтандырудан өтпеген

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облыстық филиалының директоры Сәбит Құралбектің мәліметінше, өңірде биылғы 1 қарашаға дейін сақтандырылмаған азаматтар саны 82 373 адамды құраған.

«Қазір тіркелген 652 478 азаматтың 82 373-і (12,6%) сақтандырылмай отыр. Он бес санаттағы жеңілдігі бар азаматтар бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы 42 500 теңге көмек алды. Ал, бірыңғай жиынтық төлемді заң бойынша өзін-өзі қамтыған азаматтар төлеуі тиіс болатын. Осылайша жеңілдікті пайдаланатын санаттағы азаматтар өз статусын жоғалтып алды. Сонымен бірге, Үкіметтің 20 сәуірдегі №224 қаулысына сәйкес шағын және орта кәсіпкерліктің 29 санаты биылғы 1 қазанға дейін өз қызметкерлері үшін жарна төлемей, тек тізімін дерекқорға енгізуі қажет еді. Бірақ, барлығы бірдей тізімді енгізбеуіне байланысты қызметкерлері сақтандырылмай қалған», - деді Сәбит Құралбек.

Оның айтуынша, әсіресе, жеке секторда жұмыс істейтін азаматтардың кейбірі ай сайынғы жалақыны қолма-қол алғандықтан сақтандырылмай отыр.

Алайда, сақтандырылмаған азаматтар емхананың тіркеу бөлімінен медициналық сақтандыру туралы кеңес ала алады.