Атырау облысында ағайынды жігіттер жүк көлігімен адасып кеткен

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында ағайынды жігіттер жүк көлігімен адасып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында ағайынды жігіттер жүк көлігімен адасып кеткен

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, бұл туралы кеше, 21 ақпанда сағат 20:20-да хабар түскен.

«Ағайынды екі жігіт «КамАЗ» жүк көлігімен Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 80 шақырым жердегі Мұнайлы кен орнына баруды көздеген. Олар 20 ақпан күні сағат 12:00-де жүк көлігіне шөп тиеп, жолға шыққан. Содан кейін олардан еш хабар болмаған. Ағайынды жігіттердің бірінің жасы – 33-те, екіншісі – 31 жаста», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жоғалған жігіттерді іздеуге төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен 3 қызметкер, жедел-құтқару жасағынан 1 қызметкері мен 1 «Трэкол» көлігі, аудандық полиция бөлімінің 1 қызметкері қатысты. Ағайынды жігіттер кеше, 21 ақпанда сағат 22:17-де Құлсары қаласынан шамамен 50 шақырым қашықтан табылды. «КамАЗ» жүк көлігінің балшыққа батып қалғаны анықталды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында қар құрсауынан 1 жасар баласы бар ерлі-зайыпты құтқарылғанын хабарлаған едік.