Атырау облысында әкімдіктің аппарат басшысы қызметінен босатылатын болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда заңнама талабын бұзған шенеунік қызметінен босатылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында бірнеше тәртіптік іс қаралып, лауазымды тұлғалар жазаланды.

Мәселен, Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы еңбекке уақытша жарамсыз парағын аштырған.

Бірақ соған қарамастан қызметтік автокөлігін заңсыз пайдаланған. Шенеуніктің бұған дейін алынбаған тәртіптік жазасы болғаны анықталды.

Мұның бәрі – заңнама талаптарын бұзу. Сол себептен Әдеп кеңесі әкім аппаратының басшысын атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізіп отыр.

«Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының басшысы өзі басқаратын ұжымда іскерлік және тілектестік өзара қарым-қатынасты орната алмауы салдарынан сынға ілікті. Оған «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысына қарамағындағы қызметкермен қарым-қатынас орнату кезінде дөрекілікке жол бергені үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды», -деп хабарлады облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Индер ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары Есбол ауылдық округі әкімінің тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын негізсіз алып тастаған.

Онымен қоймай округ әкіміне 656​ 609 теңге көлеміндегі сыйақыны заңсыз берген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 6 млн теңгені жымқырған мектеп директоры сотталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар