Атырау облысында әкімдіктің қызметкерлеріне қатысты 11 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында әкімдіктің және ведомстволық бағынышты мекемелердің қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде жиын өтті. Оған Атырау қаласы мен аудандар әкімдері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен қоғам өкілдері қатысты.
«Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына қауіпті жегіқұрт. Бұл – елге, болашаққа жасалған қиянат. Сыбайластық бар жерде сапа болмайды. Оған қарсы күреске тұрғындар тарапынан бақылаудың болғанын қалаймын. Қоғамдық бақылауды күшейтуіміз қажет», -деді Серік Шәпкенов.
Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов баяндама жасады.
«Атырау облысында 2021-2022 жылдары мемлекеттік сатып алуға жүргізілген мониторингтің қорытындысына сәйкес 440 млн теңге қаржы үнемделді. Сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша агенттіктің колл-орталығына 1 424 өтініш түсті. Былтырдан бері әкімдіктің және ведомстволық бағынышты мекмелердің қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді. Оның 3-уі бірінші басшы мен оның орынбасарларына қатысты болып отыр. Агенттік жыл сайын ықтимал жемқорлық жағдайына ішкі талдау жүргізеді. Былтыр әкімдіктегі 25 әкімшінің жұмысы қамтылса, биыл 22 әкімшінің 18-не талдау жасалды» ,-деді С.Ахметжанов.
Агенттің Атырау облысы бойынша департаменттінің басшысы Ерлан Досановтың мәліметінше, сыбайлас жемқорлық фактісі экология, медицина, жол саласында жиі орын алады.
«Мәселен, тұрғындар маса мен қоқысқа толған Ерік-Мостовой каналының құрылысына байланысты шағымданады. Жобалық-сметалық құжат жасақтау кезінде құрылыс жұмыстарына 1 млрд 336 млн теңге бөлінген болатын. Алайда, қате жоспарлау мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылау болмаған. Сол себептен, 510 млн теңге жұмсалған канал құрылысы тоқтатылды. Осыған байланысты аталған каналды атқарушы органның балансына өткізуді ұсынамын», -деді Ерлан Досанов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мектеп директоры туысын жұмысқа қабылдап, ол бір күн де істемей айлық алып отырғанын хабарлаған едік.