Атырау облысында Алтын Орда кезеңіндегі құнды жәдігерлер табылды

None
Фото: Атырау ӨКҚ
Атырау облысында «Таскешу» керуен сарайының орнынан Алтын Орда кезеңіндегі құнды жәдігерлер табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Мира Дәулетбаеваның мәліметіне сүйенсек, облыстық тарихи өлкетану музейінің ұйымдастырған археологиялық қазба жұмысы 29 мамыр-17 шілде аралығында жүргізілген.


«Зерттеу жұмыстары кезінде керуен сарайдың қақпа бөлігі, 14 бөлме, 3 Суфа мұнарасы, тандыр ошақтың пештері толықтай ашылды. Жалпы көлемі 800 шаршы метр аумағынан топырақ алынды. Бұл тарихи кешен Алтын Орда дәуірінде Сарайшық қалашығынан шығып, Орталық Азияға бағыт алған сауда керуендеріне қызмет көрсеткен. Керуен сарайдың аумағынан 4 күміс, 26 қола монета шықты. Тоқтамыс хан мен Өзбек хан дәуіріндегі керамикалық ыдыстардың фрагменттері, моншақ және шығыр бөліктері, әртүрлі іздер қалған стандартты кірпіш тастар анықталды. «Таскешу» керуен сарайынан солтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде Алтын Орда кезеңіндегі мекенжайлар, үйлердің орны, Алтын Орда хандарына тиесілі 5 күміс теңге, қола тиындар табылды», -деді Мира Дәулетбаева.


Ал, ортағасырлық Сарайшық қалашығында 700 шаршы метр аумақта археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК-ға тапсырылған. Жұмыстың орындалу мерзімі – шартқа қол қойған күннен бастап 60 күн.

Сондай-ақ, Қызылқоға ауданындағы Қарақұдық-1, Қарақұдық-2 қорғандарында «Нұрсат» жеке кәсіпкерлігі қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы аудандағы Қарабау-2 қорғанына археологиялық зерттеу жүргізу үшін конкурс жариялау жоспарланып отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Сарайшық қалашығының орнынан ноғай-қазақ кезеңіндегі монша табылғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар