Атырау облысында әр отбасының жеке әлеуметтік картасы жасалады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла өңірде әр отбасыға жеке әлеуметтік карта жасау бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2019 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша облыста атаулы әлеуметтік көмекті 2 035 отбасы (10 949 адам) алады.
«Осы санатты азаматтар үшін бюджетте 677 млн теңге қарастырылды. Қазір аталған тізімді реттеу жүріп жатыр. Қызметкерлеріміз әр үйге барып, жағдаймен танысуда. Президенттің мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету туралы тапсырмасына байланысты жоғарыда аталған соманы 1 млрд теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отырмыз», - деді Серік Қамидолла.
Қазір облыс бойынша көпбалалы 16 485 ана, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 3341 ана бар.
Серік Қамидолланың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек табысы күн көрістің ең төменгі мөлшерінен 50% төмен азаматтарға, отбасыларға шартты немесе шартсыз ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартсыз ақшалай көмек - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі. Ал шартты ақшалай көмек - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысуы шартымен оларға ай сайынғы және біржолғы ақшалай төлем нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
«Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде отбасының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға (аналарға), «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне, мүмкіндігі шектеулі балаларға берілетін жәрдемақылар алып тасталады. Ай сайын аз қамтылған отбасындағы әр балаға 20 789 теңге мөлшерінде кепілдік көмек төленеді», - деп түсіндірді Серік Қамидолла.
Сонымен қатар, мемлекет көмегін мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар да ала алады.
С.Қамидолла бұрын атаулы әлеуметтік көмегін алып келген азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Атаулы әлеуметтік көмегін алып келген 10 949 адамның 1 525-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы алғанда өткен жылы облыс бойынша біздің басқармада жұмыссыз ретінде тіркелген 24 674 адам жұмыспен қамтылды», -деп атап өтті Серік Қамидолла.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімі биыл жеңілдетілді. Оны алу үшін жеке куәлікті көрсету керек. Құжаттарды өңдеуге қатысты басқа жұмыстар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі.