Атырау облысында аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраудың Жылыой ауданының 90 жылдығына орай аралас жекпе-жектен (MMA) халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облысында аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтті

Турнирге Дағыстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан және Қазақстаннан 24 спортшы қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыс аудан деңгейінде тұңғыш рет өткізіліп отыр.  

«Жылыой ауданы өткен жылдың қорытындысы бойынша, «Ең үздік спорттық аудан» атағын жеңіп алған болатын. Жылыой ауданындағы ауылдық округтерде спорт кешендері көптеп салынып, бүгінгі күнде спортпен шұғылданушы жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Осындай ірі жарыстарды алдағы уақытта да өткізіп тұрамыз. Атап айтсақ, облыс орталығында таэквондодан Азия чемпионатын және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында пара дзюдодан Әлем кубогі секілді ірі жарыстар өткіземіз», - дейді Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова.

Турнир қорытындысы бойынша, 52 кг салмақ дәрежесінде Маңғыстау өңірінің спортшысы Әбутәліп Құрманбаев жеңіс тұғырынан көрінсе, 57 кг салмақ дәрежесінде Қырғызстан елінен келген Заиржан уулу Закиржан жеңіске жетті. Ал, 62 кг салмақ дәрежесінде қазақстандық Есен Құрақбаев қарсыласынан басым түссе, 57 кг салмақта Жылыой ауданының спортшысы Нұрболат Байжанов қарсыласынан оза шапты. 66 кг салмақта жерлесіміз Джахар Шапхатов Ресей елінен келген қарсыласынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар, осы салмақ дәрежесінде атыраулық Самат Жагпаров жеңске жетті. 70 кг салмақта Әділбек Қайырғали қарсыласынан басым түсті. Сондай-ақ, 73 кг салмақ дәрежесінде Өзбекстан елінен келген Равшанбек Рахметов қарсыласы қазақстандық Нұршат Әуелбаевты жеңсе, 57 кг салмақта қазақстандық спортшы Фархат Қожантаев кеткен есені қайтарып, жеңіске жетті. 90 кг салмақ дәрежесінде қазақстандық Жасұлан Қасимов Қарақалпақстаннан келген қарсыласын тізе бүктірді.

Ал, турнирдің басты кездесуі болған 60 кг салмақ дәрежесінде Жылыой ауданының спортшысы Талғат Жұмағалиев өзінің қарсыласы Дағыстан елінен келген Тимур Алиевты айқын басымдықпен жеңді. 

«Бүгінгі күні елімізде аралас жекпе-жекке деген қызығушылық артып келеді. Көп жастарымыз аралас жекпе-жекпен шұғылданатын болды. Жылыой ауданында өтіп жатқан  бүгінгі жарысымыз осымен тоқтап қалады деп ойлаймаймын. Алдағы уақытта осындай жарыстар көптеп ұйымдастырылады деп есептеймін», - дейді ММА панкратион және грэпплинг федерациясының президенті Сағындық Мекеев.      

null null null