Атырау облысында аудандық әкімдік көшетті үш есе қымбатқа сатып алмақ болған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында аудандық әкімдік көшетті үш есе қымбатқа сатып алмақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл дерек мониторинг кезінде анықталған.

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің еріктілері мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізді. Талдау барысында Мақат ауданы әкімінің аппараты көшет сатып алу бағасын үш есеге көтергені анықталды. Әр түп көшетті 15 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Көшеттің нарықтағы бағасы – 5 мың теңге. Ал, аудандық әкімдік бұл мақсатқа 1,5 млн теңге бөлген», -деп хабарлады өңірлік департаменттің баспасөз қызметі.

Еріктілер аталған деректі тиісті іс-шара қабылдау үшін облыстық департаментке жолдаған. Ал, департамент Мақат ауданы әкімінің аппаратына мемлекеттік сатып алуды қайта қарау туралы ұсыныс берді. Соның нәтижесінде көшет сатып алуға қатысты жарияланған лот жойылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерліктің Атыраудағы алғашқы нәтижесі туралы жазған едік.

Атырау волонтерлері Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылындағы кентішілік жолдарды қайта жаңарту кезінде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғанын анықтады. Исатай ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары Исатай аудандық ТКШ бөлімі мен «Информстройсервис» ЖШС арасында кентішілік жолдарды реконструкциялауға 1,4 млрд теңге сомаға жасалған қолданыстағы шарт шеңберінде атқарған жұмысы туралы жалған актілерге қол қойған.


Соңғы жаңалықтар