Атырау облысында ауыл әкіміне атқарылмаған жұмысты қабылдағаны үшін айыппұл салынды
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаменті Индер ауданы, Есбол ауылдық округінің әкімі Ерлан Қалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу шараларын аяқтады. Іс Есбол ауылындағы жалпы сомасы 9 млн теңге болатын су құбырларын ағымдағы жөндеу бойынша орындалмаған жұмыстарға қол қойып, өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша қозғалған. Қаржы «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының аясында бөлінген. Индер аудандық сотының үкімімен ауылдық округтің бұрынғы әкіміне 1 млн 166 мың 550 теңге айыппұл салынды», - деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.
Ауыл әкімі бұдан тыс өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан айырылды.