Атырау облысында «Ауыл аманаты» жобасын қаржыландыруға 1,5 млрд теңге бөлінді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында «Ауыл аманаты» жобасын қаржыландыруға 1,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұловтың мәліметіне сүйенсек, бұл жобаға қатысуға кооперативтер немесе жеке шаруашылықтарға мүмкіндік беріліп отыр.

«Биыл өңірде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие беруге 1 млрд 504 млн теңге бөлінді. Мәселен, кооперативтерге 27 млн теңге, жеке қосалқы шаруашылықтарға 8 млн теңгеге дейін несие қарастырылып отыр. Бағдарламаны қаржыландыру 4 бағытта жүзеге асады. Атап айтқанда, аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласындағы тауарларды өндіру және өңдеу; мал басын көбейту, молайту және өнім алу; жылыжай салуға және қызмет көрсетуге, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау. Ал, қойылатын негізгі себептерге сәйкес, ең алдымен несие алушы жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарна болмауы тиіс. Несие алу үшін міндетті түрде кепілдік болуы керек. Оған қоса шаруашылық ісін бастау үшін барлық мүмкіндікпен қамтамасыз етілуі шарт», -деп хабарлады Салауат Өтеғұлов.

Оның айтуынша, жеңілдетілген несие шарттарының мерзімі – 5, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жыл. Номиналды сыйақы мөлшері жылдық 2,5 пайыздан аспайды.

«Пилоттық жоба масштабтау шеңберінде жергілікті атқарушы орган сенім білдірген өкіл арқылы жүргізілетін болады. Қазір сенім білдірген өкілді анықтау үшін конкурс жарияланды», -деп мәлім етті Салауат Өтеғұлов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында былтыр 34 млрд теңгеден астам қаржы игерілмей қалғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар