Атырау облысында автогаз тапшылығының туындау себебі айтылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының тұтынушыларына газ жеткізу 35 пайызға азайды. Бұл автогаз құю стансаларында газ тапшылығының туындауына себеп болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазір Атырау облысында газ жеткізетін 30 кәсіпорынның 96 автогаз құю стансасы жұмыс істейді. Энергетика министрлігінің хатына сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауытынан облыс тұтынушылары үшін 5 744 тонна газ жеткізіледі.

«Алайда, Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты қазіргі уақытта газ жеткізу көлемі 35%-ға қысқарды. Қазір зауыттан жеткізілетін газ мөлшері – 3785,161 тонна», - деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің мәліметінше, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде аталған зауыттан тәулігіне 90 тонна газ жеткізілсе, 6 қарашадан бері бұл көрсеткіш 60 тоннаны құраған. Бұл автогаз құю стансаларындағы газ тапшылығының қалыптасуына себеп болып отыр. Енді зауытта 19-25 қараша аралығыңда болжамды газ өндірісі тәулігіне 800 тоннаны құрайтын болады.

«Атырау облысының тұтынушылары үшін газ жеткізуді тұрақтандыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар Энергетика министрлігімен бірлесіп ұйымдастыру жұмысын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, көршілес Ақтөбе облысындағы «Gas Processing» компаниясынан 400 тонна, «Қазақойл Ақтөбе» компаниясынан 700 тонна газ жеткізу жоспарланып отыр», -деп мәлім етті өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары 45 күнге созылатынын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар