Атырау облысында балық өсіретін 8 кәсіпорын ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Атырау облысында балық өсіретін 8 кәсіпорын ашылады. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңіріміздегі басты салалардың бірі – балық шаруашылығы. Атырау тек мұнайымен ғана емес, балығымен де аты шыққан өңірдің бірі. Былтыр 14 мың тоннадан астам балық ауланды. 200 тоннадай балық өсірілді. Балықты аулап қана қоймай, өсіруіміз де керек. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. 2025 жылға дейінгі жоспарымыз бар», - деді облыс басшысы Орталық коммункациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, балық өсіретін 8 кәсіпорын және 1 балық өңдеу цехын ашу жоспарланып отыр. Нәтижесінде балық өсіру көлемі жылына 7 мың тоннаға жетеді. Бұл жалпы ауланатын балықтың 50 пайызын қамтиды.
«Терең өңделетін балық көлемі 4 есеге артады. Өйткені, біз балықты аулап, сатып қана қоймай, оны терең өңдеп, өзіндік құны жоғары өнім ретінде экспортқа шығаруымыз қажет болады», - деді Серік Шәпкенов.