Атырау облысында байланыс сапасы неліктен нашар
Бұған себеп көп. Соның бірі – халық санының өсуі. Яғни, қызмет көрсетушілер абоненттерді түгел қамтып үлгермей жатыр. Екіншіден, мобильді байланыс операторлары қызмет сапасын жақсартуға асықпай отыр. Мұның себебін «Beeline» атаумен қызмет көрсететін «Кар-Тел» ЖШС-нің техникалық бөлім басшысы Андрей Изосимовтан сұрап білдік.
«Көптеген тұрғындар антенналардың үйге жақын орналасуына қарсы. Биік үйлердің біріне антенна орнатсақ болғаны, тұрғындар жиналып, қарсылық білдіріп жатады. Бұл – радиофобиядан туындап отырған жайт. Олар қарапайым антеннадан зиянды сәуле бөлінеді деп ойлайды. Ал шын мәнінде бұл олай емес. Антеннаның еш зияны жоқ», - дейді ол.
Сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесіне тиесілі нысандар өз аумақтарында қамту аймағы бірнеше шақырымды құрайтын заманауи құрылғылар орнатуда. Мұның да интернет жылдамдығына кері әсері бар. Бұл туралы біз Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы радиобақылау бөлімінің басшысы Рүстем Нұрғалиевтен сұрадық.
«Соңғы жылдың ішінде байланыстың нашарлауына қатысты түскен шағымдар үш есеге артты. Сол бойынша біз тексеріс жүргізіп, туындаған мәселелерді біртіндеп шешіп жатырмыз. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Былтыр байланыс операторларына айыппұл салуға құзыретіміз жетсе, биылдан бастап олардың қызметін тексеруге тыйым салынды. «Алмагүл» ықшамауданының тұрғындарынан да интернет байланысының нашарлығына қатысты көп арыз түсті. Өйткені, онда әйелдер колониясы орналасқан. Бұл мәселе де өзара келіссөздер арқылы шешімін тапты. Алайда, жақында тағы бір мәселе туындады. Бұл «УГ-157/9» түзеу мекемесінің жаңа құрылғыларды қондыруына байланысты. Бұдан Тасқала, Водников, Көкарна және АМӨЗ маңындағы тұрғындар зардап шегуде», - дейді ол.
Айта кетейік, облыста 153 елдімекен бар. Оның 132-сіне «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерде интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету» жобасына сәйкес интернет желісі жүргізілген. Сондай-ақ Еркінқала-2, Ақжар, Ақжар-2, Жұлдыз-3 елді мекендерінде жаңа базалық интернет стансалары салынбақ.
Байланыс операторларының жауапкершілігін арттыруда былтыр министрлік айыппұлдарды 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін және қайталанған жағдайда 200 -ден 1500 АЕК-ке дейін ұлғайту үшін заңнамаларға түзетулер енгізген еді. Бұл түзетулер өткен жылдың 10 қыркүйегінен бастап күшіне енді.
Еске сала кетейік, елімізде тұрғындардың радиофобиясы байланыс сапасын арттыруға кедергі келтіретінін бұған дейін де жазған болатынбыз.