Атырау облысында бір аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші екі есе өскен

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында бір аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші екі есе өскен. Бұған вакциналау мен ревакциналау қарқынының төмендегендегін әсер еткен.

Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өткізген аппараттық жиында коронвирус инфекциясының таралу мәселесі талқыланды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың мәліметінше, өткен тәулік – 25 шілдеде 61 адамнан қауіпті вирустың белгісі анықталған. Оның ішінде 49 ересек адам, 14 жасқа дейінгі 12 жасөспірім бар.

«Қазір коронавирус инфекциясын жұқтырған 600-ге жуық адам ем-дом қабылдап жатыр. Шілде айының 18-24 күндері 322 адамнан коронавирус инфекциясы расталды. Яғни, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 48,3 жағдайды құрады. Өткен аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда аурушаңдық 2 есеге өсіп отыр. Алайда, қыркүйек айында бұл көрсеткіш 10 есе көбейіп, тәулігіне 600-800 адамнан коронавирус инфекциясы анықталуы мүмкін деген болжам бар», -деп мәлім етті Мәдениет Танауов.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтің айтуынша, тұрғындар арасында вакцинациялау мен ревакцинациялау қарқыны төмендеген.

«Атырау облысында вакцина алатын жалпы контингент 365 760 адамды құрайды. Соңғы 6 айда вакцинаның I компонентін алғандардың саны 2,4 есе төмендеп отыр. Вакцинаның II компонентін салдырғандар саны 3,1 есе азайған. Ал ревакцинация алатындар санатына жататын адамдар саны – 250 601. Бірақ, соңғы жарты жылда ревакцинация көрсеткіші 1,1 есеге төмендеді. Қазір инфекциялық стационарда ем алып жатқан науқастардың 80 пайызы – вакцина алмаған адамдар. Сондықтан олардың арасында ауру жұқтыру көрсеткіші жоғарылап тұр», -деді Асхан Байдуалиев.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының қаупі өршуі мүмкін екенін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, қажетті дәрі-дәрмекпен жеткілікті түрде қамтуды тапсырды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда туберкулез жұқтыру азайып, коронавирусқа шалдығу 4 есе өскенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар