Атырау облысында бір аптада жол ережесі 3 790 мәрте бұзылған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында бір аптада жол ережесін бұзудың 3 790 дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында бір аптада жол ережесі 3 790 мәрте бұзылған

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметтінің мәліметінше, 8 қарашадан бері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Іс-шараның мақсаты – жол-көлік оқиғаларын болдырмау, сондай-ақ, жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу.

Полиция қызметкерлері бір аптада жолда жүру ережесін бұзудың 3 790 дерегін тіркеді.

Оның ішінде белгіленген жылдамдық мөлшерін арттырудың –582, көлік құралын пайдалану кезінде ұялы телефонмен сөйлесудің – 236, қауіпсіздік белдігін пайдалану ережесін бұзудың – 549, алкогольді масаң күйде көлік құралын басқарудың – 39, жаяу жүргіншіге жол бермеудің – 109, құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқарудың – 278, маневр қағидасын бұзған –255, жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамаудың 370 дерегі бар.

«Сондай-ақ, бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өткен 60, мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқарған 321, тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқарған 61 дерек анықталды. Ал, 13 жүргізуші көлiк құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рульге отырған»,-деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бір аптада арнайы тұраққа 105 автокөлік қойылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бір тәулікте 5 мас жүргізуші ұсталғанын жазған едік.