Атырау облысында бір күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен малшы табылмай жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында бір күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен малшы табылмай жатыр, деп хаарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 53 жастағы ер адам кеше, 15 ақпанда таңертең өріске мал айдап шыққан.

«Кеше жергілікті уақытпен сағат 09:00 шамасында Индер ауданының Өрлік ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы «Аманғали» қыстағынан 1970 жылғы ер адам түйемен мал бағуға шығып, қайта оралмаған. Малшыдан бүгінге дейін еш хабар болмаған. Бүгін малшының із-түзсіз жоғалғаны туралы ақпарат сағат 09:00 шамасында түсті», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бір күн бұрын із-түзсіз жоғалған малшыны іздеуге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен 1 техника тартылды. Іздестіру жұмыстарына жоғалған адамның туыстары мен жергілікті тұрғындар да қосылды.

«Атырау облысының аумағында ақпан айының басынан бері күн бұзылып, қалың қар түсті. Осыған байланысты тұрғындардың алыс жолға шықпағаны жөн. Ауа райы туралы 112 қызметі жіберетін sms хабарларды ескеру қажет», -деп мәлім департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 1 қаңтарда жоғалған ер адам көрші ауылдан табылғанын жазған едік.

Кейін Атырау облысында жоғалып кеткен үш адам бір күннен кейін табылғанын хабарлаған болатынбыз.


Фото: Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар