Атырау облысында бір жыл бұрын салынған 36 шақырым жол қайта жөнделеді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында бір жыл бұрын салынған 36 шақырым жол қайта жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысында бір жыл бұрын салынған 36 шақырым жол қайта жөнделеді
Фото: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» бағытындағы жолда анықталған ақау мердігер мекеменің қаржысына қайта жөнделеді.


«Өңірлік филиал инженерлері сәуір айындағы жоспарлы тексеріс кезінде аталған жолдың «Атырау-Доссор» бөлігіндегі 120 500 шаршы метрден қара қиыршықтастың ұшқанын анықтаған еді. Қазір жолдың бұл бөлігі кепілдік мерзімінде тұр. Алайда мердігер ауа райы қолайлы кезде ақауларды толығымен жою жұмысын уақытында бастамаған. Сол себептен тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облысы бойынша филиалына және облыстық мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолданды», - дейді Нұрлан Жантурин.


Оның айтуынша, 553-589 шақырым аралығындағы жолға 2021 жылы қыркүйекте орташа жөндеу басталып, 2022 жылдың желтоқсан айында тапсырылған. Кеше аталған жол бөлігінің беткі қабатын қайта төсеу жұмыстары басталған. Ақауды жою жұмыстары Маңғыстау құрылыс комбинаты» АҚ-ның қаражысына жасалады.


«Бұл жолдың екі жыл кепілдік мерзімі бар. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалы тексеру кезінде ақауды анықтады. Кемшіліктерді жою үшін Маңғыстаудан келіп, жұмысқа кірістік. Қазір жол үстіндегі таңбаларды қырып, тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Содан соң 12 шақырымға түгелдей және кей тұстарына қажетті көлеміне қарай қара қиыршықтас төселеді. Жұмысты 2 аптада аяқтаймыз. Кешігіп бастауымыздың себебі – көрші облыстан келдік, техникамыз бос болмады. Жол жөндеуге 1 500 тоннадай қиыршықтас жұмсалады», - дейді учаске бастығы Наурыз Сүйінғара.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан Ресеймен шекараға дейінгі жолды жөндеуге 18 млрд теңге бөлінгенін жазған едік.