Атырау облысында биыл екі елді мекен тұрғындары көшірілуі мүмкін

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биыл Атырау облысында Ескене және Таскескен елді мекендерінің тұрғындары көшірілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Мақат ауданындағы Бәйгетөбе ауылының тұрғындарымен кездесуде биыл екі елді мекеннің тұрғындары көшірілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

Екі елді мекен де Мақат ауданының аумағымен өтетін теміржол бойында орналасқан. Теміржол бекетіндегі тұрғындарды көшіру мәселесі біраздан бері шешімін таппай келеді.

«Бұрын NCOC компаниясымен екі елді мекеннің тұрғындарын көшіруге қатысты келісім жасалған. Қазір осыған байланысты жұмыс жүріп жатыр. Компания басшылығы тұрғындарды көшіру жұмыстарына атсалысуға дайын екенін білдірді. Бірақ, тұрғындарды қайда көшіру керек? Олар аудан орталығына, не өзге елді мекенге көшкісі келмейді. Көпшілігі Атырау қаласына көшуге сұраныс білдіріп отыр», - дейді Серік Шәпкенов.

Әкімнің айтуынша, қазір Атырау қаласындағы Талқайран шағын ауданында көпқабатты 24 үй салынған. Алайда, инфрақұрылым желілері дайын болмағандықтан, тұрғын үйлер пайдалануға берілмеген.

«Биыл аталған шағын ауданға инфрақұрылым желілері жүргізіледі. Содан соң Талқайран шағын ауданынан жер телімін бөліп, екі елді мекеннің тұрғындарын көшіруге шаралар қабылдаймыз», - деді Серік Шәпкенов.

Қазір Таскескен елді мекенінде 10-ға жуық, ал Ескенеде 50-ге жетпейтін отбасы тұрады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың Ресеймен шекарадағы ауданында 2 елді мекен құрылатынын хабарлаған едік. Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылдық округіндегі «Болашақ» және «Шипажай» шағын ауылдарын жаңа елді мекен ретінде қайта құру жоспарланған. Қазір мұнда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы аяқталған. Жоспарға сәйкес бұл жоба 468 жер учаскесіне арналған.


Соңғы жаңалықтар