Атырау облысында бизнеске 29 млн теңге грант бөлінді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - 2017 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша Атырау облысына мемлекеттік грантқа 29 млн теңге бөлінді, деп хабарлады ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облысында бизнеске 29 млн теңге грант бөлінді

«Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы бизнесті дамытуға мемлекеттік грант алуға байқауға қатысу үшін кәсіпкерлерден 59 өтінім қабылдады. Осы жылғы мамырда бірінші транш бойынша 15,7 млн теңге игерілді. Байқауға 45 кәсіпкер қатысты, оның нәтижесі бойынша конкурстық комиссия және Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 8 жеңімпаз іріктелді. Мемлекеттік гранттың арқасында бизнесін дамыту үшін облыс аудандарынан - 7, Атыраудан 1 кәсіпкер қолдау алды», - деп хабарланды өңірлік коммуникациялар қызметінде.

Маусымда екінші транш бойынша мемлекеттік грант үшін 14 кәсіпкер таласты, конкурс нәтижесі бойынша 7 жоба мақұлданды, осылайша, 13,3 млн теңге игерілді. Мақұлданған бизнес жобалардың ішінде 3-уі аудан, 4-уі Атырау кәсіпкерлеріне тиесілі.

Атырау облысында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын сәтті іске асыру аясында өңір үшін маңызды жобалар іске қосылады. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығы, аяқ киім өндіру цехы, жартылай фабрикаттар өндіру, қоқыстарды қайта өңдеу цехы және т.б. Келесі өтеусіз гранттар беруге өтінім қабылдау 2018 жылы басталады.