Атырау облысында дауыс берушілер арасында гір тасын көтеруден сайыс өтті

Бұл сайысты Сағыз ауылдық округіндегі №155 референдум комиссиясы ұйымдастырды. Сайыс ауылдағы «Шұғыла» мәдениет үйінде өтті.
Оған қатысуға дауыс беруге келген жас жігіттер қатысты. Білекті жігіттердің 6-уы іріктеу кезеңінде дараланып шықты.
«Сайысқа қатысқан жігіттерге 16 келі салмағы бар 2 гір тасын қатар көтеру талабы қойылды. Демек, бірден 32 келіні көтеру керек. Бұл әрине, оңай емес. Гір тасын көтерудің шешуші кезеңіне өткен 6 жігіт те бір-бірінен қалыспады. Дегенмен, 16 келі екі гір тасын 56 рет көтерген Нұрлан Әлжанов бірінші орынды жеңіп алды. Ал, Аманжол Бекбаулиев осындай гір тасын 52 рет көтеріп, екінші орынға ие болды. Үшінші орынды еншілеген Дәурен Кәдірбек гір тасын 50 рет көтерді» деп хабарлады ауылдағы референдум комиссиясы.
Сағыз ауылындағы сайыстың жеңімпазы мен жүлдегерлері естелік сыйлықпен марапатталды.