Атырау облысында екі көлік соқтығысып, үш адам мерт болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында екі көлік соқтығысып, үш адам мерт болды. Жарақат алғандар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы кеше, 24 шілдеде сағат 23:00 шамасында болған.

Республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тасжолының 19-шақырымы тұсында «Toyota Prada» мен «ВАЗ» автокөліктері соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Аталған жол апатынан жарақат алғандар да бар.

Ал, Исатай ауданында жергілікті уақытпен сағат 17:00 шамасында тағы жол-көлік оқиғасы тіркеліп отыр.

Аудан аумағындағы С.Балғымбаев және Қамысты кен орындарының аралығына тартылған жол бойында «Land Rover» маркалы автокөлігі аударылып қалған. Оған көлік жүргізушісінің басқару жүйесін игере алмағаны себеп болған.

Жол жиегіне аударылған көліктің жүргізушісі мен жолаушылары әртүрлі дене жарақатын алған. Зардап шеккендерді жедел жәрдем бригадасы Исатай аудандық орталық ауруханаға жеткізді.

Қазір полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғаларының себебін анықтау үшін тергеу амалын бастады.

Бұған дейін Атырау облысында алты айда жол апатынан 40 адам мерт болғанын хабарлаған едік.

«Жол-көлік оқиғаларының бірнеше себебін айтуға болады. Біріншіден, қарсы бағыттағы жолаққа шығу, екіншіден жаяу жүргіншілерді қағу, үшіншіден жол қиылыстарынан өту ережесін бұзу, төртіншіден жылдамдықты шамадан тыс асыру. Облыс аумағында жыл басынан бері жылдамдықты шамадан тыс асырған 153 мыңнан, қарсы бағытқа шыққан 130-дан, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 800-ден, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өту кезінде 5 мыңнан астам құқық бұзушылық дерегі анықталды», -дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев.


Соңғы жаңалықтар