Атырау облысында екі күн мектеп пен колледждегі сабақ онлайн форматта өтеді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мектеп пен колледждегі сабақ онлайн форматта өтеді. Бұған күн райының қолайсыздығы себеп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысында екі күн мектеп пен колледждегі сабақ онлайн форматта өтеді

Атырауда 3 ақпанда қар жауып, ауа райы температурасы -10 градусқа дейін төмендеді. 4 ақпан күні сағат 15:00-ге дейін 15-16 см қар түскен. Ал бүгін, 7 ақпанда тағы да қалың қар жауды. «Қазгидромет» РММ Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Айна Қазғұлованың айтуынша, мұндай қалың қар соңғы рет осыдан 7 жыл бұрын, 2016 жылы жауған. Нақтырақ айтқанда, бір тәулікте Атырау қаласында қардың қалыңдығы – 34 см, Индер ауданында – 58 см болған. Өңірдің өзге аудандарда 34-58 см аралығында жауды.

«Қазір желдің ұйытқуы секундына 15-20 метрге жетіп тұр. Желдің ұйытқуынан бұрқасын болуы мүмкін», - дейді Айна Қазғұлова.

Күн райының осылай құбылуына байланысты өңір мектептеріндегі сабақ онлайн форматқа ауыстырылды.

«Атырау облысында күн райының қолайсыздығынa байланысты қала және аудандардағы мектептерде 0-11 сынып оқушылары, колледж студенттері сабақты бүгін, 7 ақпан түстен кейін онлайн форматта оқып жатыр. Сабақты онлайн форматта өткізу әдісі ертең, 8 ақпанда да жалғасады», - деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мектептің электр желісінен ақау шығып, оқушылар қашықтан оқуға жіберілгенін хабарлаған болатынбыз.