Атырау облысында екі күнде 900-ден астам құқық бұзушылық тіркелді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында екі күнде 900-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында екі күнде 900-ден астам құқық бұзушылық тіркелді

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9-11 қарашада «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Екі күнде 954 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып отыр.

«Оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны үшін 31, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, оларға күтім жасау, күтіп- бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамаған 7 адам, түнгі уақытта көше кезген кәмелетке толмаған 60 жасөспірім анықталды. Қазақстан Республикасында тiркеусiз, не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз жүрген 107, шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған 45, қоғамдық орындарда айналасындағыларға сыйламаушылық білдіріп, тәртіпті сақтамаған 133 адам тіркеуге алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішіп, масаң күйде жүрген 95, түнгі тыныштықты бұзған 36 адамды анықтады. Белгiленген жүру жылдамдығын арттырған 192, жолдың қарсы бағытына шыққан 2, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 28, алкогольдік ішімдік ішкен күйде көлік құралын басқарған 8 жүргізуші мен көлік құралын басқару құқығынан айырылған 4 адамды ұстады. Жолды жаяу жүргіншіге арналған өткелден тыс жерден кесіп өткен 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық тұрғын бірнеше атыс қаруын гаражда заңсыз

сақтағанын жазған едік.