Атырау облысында экспорт көлемі 758 млн долларға жетті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 8 айдағы экспорт көлемі 758,9 млн долларға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында экспорт көлемі 758 млн долларға жетті

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен отырыста өңдеу өнеркәсібінде атқарылған жұмыстар сараланды.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Абдуахит Әбішевтің мәлім етуінше, биыл 3 жоба іске қосылған.

Бұл – «BEST MODULE» ЖШС метал өңдеу зауыты, Доктор Хаус ЖШС «Медициналық бетперде өндірісі» және Құрманғазы ауданынан «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.

Бұлардың әрқайсында 40 жұмыс орны ашылған.

«Биылғы қаңтар-қараша айларында өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 481,8 млрд теңгені құрады. Ал, жыл басынан бергі 8 айда өңдеуші өнеркәсіптегі экспорт көлемі 758,9 млн АҚШ долларына жетті. Өңдеуші өнеркәсіптегі негізгі капиталға 185,0 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл саладағы еңбек өнімділігі 6 айда 1 адамға 31,5 мың АҚШ долларын құрап, нақты көлем индексі 106,3%-ға артты» деді Абдуахит Әбішев.

Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауидың айтуынша, ас тұзын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталуға таяған.

Қазір құрал-жабдық сатып алу және мамандарды оқыту қолға алынған.

Аталған зауытта жергілікті 60 адам жұмысқа тартылады.

Зауытта сағатына 25 тонна ас тұзын өндіру көзделіп отыр.