Атырау облысында эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында эпидемиологияялық ахуал күрделене түсті,деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр.

«Қауіпті вирустың таралуы күннен-күнге өршуде. Бұл – баршамызды қатты алаңдатып

отырған жағдай. Осы кезге дейін вакцинациялауға қатысты бірнеше жиын өтті. Нақты тапсырмалар берілді. Бірақ, жұмыс қарқыны әлі де төмен. Бұл вакциналауға қатысты жұмыстың қажетті деңгейде ұйымдастырылмағанын көрсетіп отыр», -деді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, вакциналау – індеттің алдын алуға ғана емес, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін де керек. Сол себептен, басқарма басшыларына бағынысты мекемелердегі қызметкерлерді вакцинациялау деңгейін 90 пайызға дейін жеткізу жүктелді.

«Бәріңізге кемшіліктерді түзету үшін екі апта уақыт беремін. Жұмыс жолға қойылмайтын

болса, сіздерге қатысты тәртіптік жауапкершілік қаралатын болады», -деді облыс әкімі.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың күнделікті жоспарына өзгеріс енгізіліп, күн сайын вакцина алатындар саны 1050-ден 3500-ге дейін артады.

«Өңірге 170 295 доза I компонент, 138 695 доза II компонентке арналған вакцина жеткізілді. Соңғы 10 күнде вакцина алған адамдардың саны 13,1%-ға артып отыр.

Вакциналауға жататын контингенттер арасында ең жоғары көрсеткіш құқық қорғау органдарына (170%), ал, ең төменгі көрсеткіш студенттер (38,3%) арасында байқалуда», -дейді Асхан Байдуәлиев.

Оның пікірінше, инфекциялық стационарлардың жансақтау бөлімінде жатқан науқастарға қатысты талдау жүргізілген. Қазір стационарларда коронавирус инфекциясын жұқтырған

1 676 науқас емделіп жатыр. Ал, жансақтау бөлімінде 95 науқас оқшауланған. Жағдайы

ауыр науқастардың бірде-бірі вакцина алмаған.

«Жылыой ауданында тұрғындардың 13,7 вакцина салдырған. Ал, Мақатта – 22,5, Исатайда – 28,7, Қызылқоға ауданы тұрғындарының 28,1 пайызы вакцина ектірген», -дейді Асхан Байдуәлиев.

Осыған байланысты Махамбет Досмұхамбетов Жылыой және Мақат ауданының әкімдеріне жұмысты тиісті деңгейде орындамағаны үшін салаға жетекшілік ететін орынбасарларына қатысты тәртіптік шара қолдануды тапсырды.

«Әр екі күн сайын Атырау қаласы мен аудандар, салалық ұйымдар, кәсіпорындар және басқа да мекемелердің вакциналау туралы баяндауы қажет. Вакцинамен қамтудың тәуліктік көрсеткішін жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау, аудандардағы вакциналау қарқынын жоғарылату үшін әдістемелік көмек көрсету керек. Республикалық вакцинация жүргізу жөніндегі ақпараттық-түсіндіру науқанын іске асыруға арналған жол картасын облыстық деңгейде жасақтап, 2 күн мерзімінде бекіткен жөн», -деді өңір басшысы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының әкімі вакцинацияны жандандыруды тапсырғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар