Атырау облысында ғарыштан барлау арқылы 68 қоқыс алаңы табылды
Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің айтуынша, «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ түсірілімімен анықталған қоқыс алаңдары геопорталдың базасына тіркелген.
«Атырау облысының аумағында 68 заңсыз орналасқан қоқыс орны анықталды. Оның ішінде Атырау қаласында 63 қоқыс орны бар. Ал, Жылыой ауданының аумағында - 3, Мақат ауданында - 2 қоқыс алаңы орналасқан. Қазір қоқыс алаңдарын тазалау жұмыстар өте баяу жүргізілуде. Әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Тазаланған орындар туралы ақпараттар мен құжаттар геопорталдан алып тастау үшін департаментке жолданбай отыр», -деп мәлім етті Әлібек Бемұхаметов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында заңсыз 34 полигон анықталғанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Рамазан Салықтың айтуынша, жыл басынан бері рұқсат етілмеген 34 қоқыс алаңы анықталып отыр: 31-і Атырау қаласында, үшеуі Жылыой ауданының аумағында орналасқан.
«Былтыр «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның дерегіне сәйкес Атырау облысында рұқсатсыз қалдық төгілген 131 орын анықталған еді. Оның ішінде төртеуі Махамбет ауданында, 58-і Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында, екеуі Мақат ауданында, ал 67 алаң Атырау қаласынның аумағында тіркелді. Махамбет ауданында – 3, Атырау қаласында – 3, Жылыой ауданында 1 қоқыс алаңының аумағы рұқсат етілген шекарадан тысқары шыққаны белгілі болды», - деп хабарлаған еді Рамазан Салық.
Автор: Бек Мұстафа