Атырау облысында «Ғасыр әже» атанған кейуана бар
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында ғасыр жасаған кейуанаға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылдық округінде Ұлы Отан соғысы жылдары темір жол табанын төсеуге, қираған Сталинградты қалпына келтіруге қатысқан тыл ардагері, «Алтын алқа» иегері Нұрсұлу Сұлтанованың 100 жасқа толуына орай салтанатты шара ұйымдастырылды.
Нұрсұлу Исахатқызы 1918 жылы 29 тамызда Нұржау ауылдық округінің Кіштай түбек ауылында өмірге келген. Ауылдан 7-8 шақырым қашықтықтағы төрт жылдық бастауыш мектепте оқып, сауатын ашқан. Соғыстан кейін балықшы Қабдыжәлел Сұлтановпен отбасын құрып, ауданда түрлі қызметтер атқарды. Өмірге 8 бала әкеліп, 27-ден аса немере мен жиен, 50 шақты шөбере, олардан басқа шөпшегі мен неменесін сүйіп отыр. Барлығын қосқанда 107-ден аса ұрпақ бар. Балаларының алды 70-ке аяқ басса, кенжесі 60-тың алқымына шыққан. Ұлы Отан соғысының 60, 65, 70 жылдық мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
«Нұрсұлу анамыз қиын кездерде еңбек етіп, өмірлік жарымен ел дамуына үлес қосып, сегіз бірдей ұл-қызына жақсы тәрбие беріп, ер жеткізді. Өткен жылы Асан ауылдық округінде соғыс жесірі Уағиса Мұхтарова анамыз 100 жасқа толса, бүгінгі күні Нұрсұлу әжеміз өздеріңіздің орталарыңызда аман-есен Алланың берген жасына жетіп отыр. Әжемізге құдай қуат беріп, алға қарай да балаларының, немере-шөберелерінің қызығын көріп, ортамызда осылай жүре берсін дегім келеді. Осындай жүзге толған аналарымыз бен аталарымыздың қатары көбейе түссін», - деді аудан әкімі Бибоз Шаяхметов.
Сондай-ақ, аудан әкімі Нұрсұлу Исахатқызын «Ғасыр әже» атануымен құттықтап, Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасын, Құттықтау хатын, сый-сияпатын табыс етті. Кейуана аудан басшысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
«1942 жылы жау Сталинградқа таянғанда Гурьев-Астрахань темір жолын салуға ұйғарым шықты. Сол жылдың қараша айында басталған жұмыс 1943 жылдың маусымына дейін жалғасты. Оған біздің ауданнан екі жүз елудей адам қатысқан. Сол еңбеккерлерден қазір ауданда он жетісі ғана қалды. Алды 100, соңы 94 жаста. Солардың бірі - осы анамыз. Сондықтан ұрпақтарының тірегі, сүйеніші Нұрсұлу Исахатқызына әлі де аман-есен отыра беріңіз деген тілегімді айтамын», - деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев.