Атырау облысында газ-химия кешенінің мұржасында пропан алауы жанған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы газ-химия кешенінің мұржасында пропан алауы жанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желіде видео тарады.

Атырау облысының аумағында жаңадан іске қосылған газ-химия кешенінде жанған алау тұрғындардың алаңдаушылығын тудырған.

Осыған байланысты «Кazakhstan Рetrochemical Іnductries Inc.» (КРІ) ЖШС-нің баспасөз қызметі түсінік берді.

«Әлеуметтік желіде «Кazakhstan Рetrochemical Іnductries Inc.» ЖШС аумағындағы алауда пропанның жанған суреті жарияланды. Бұған тұрғындар алаңдаушылық білдіріп жатыр. Шындығында, күрделі жабдықтың бірі – пропилен компрессорындағы реттеу жұмыстарына байланысты кеше, 30 қарашада жергілікті уақытпен сағат 14:45-те қысқа мерзімдік бақылаудағы пропилен алауы жағылды. Полипропилен өндірілетін зауытта «Теңіз» кен орнынан концентрациясы 99,9%-ға дейін тазартылып келетін пропан қолданылады. Пропанның құрамында күкірт пен күкіртті сутегі жоқ. Яғни, пропан жанған кезде ауаға көмірқышқыл газы (CO2) мен бу ғана бөлінеді. Сондықтан қоршаған ортаға зиян келмеді. Қазіргі уақытта пропилен жанып жатқан жоқ», -деп хабарлады «КРІ» ЖШС-нің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау газ-химия кешенінің мұржасында алау тұтанып, ауадан сынама алынғанын хабарлаған болатынбыз.

Кейін Мемлекет басшысы Атырауда газ-химия кешенін іске қосқан еді.

Кешен құрылысына 4300 адам жұмысқа тартылған. Толық іске қосылғанда 631 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

«Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кәсіпорында жылына 500 мың тонна полипропилен шығарылады.

Бұл - әлемдегі полипропилен өндірісінің 1 пайызы.


Соңғы жаңалықтар
telegram