Атырау облысында инвесторларды тарту бойынша жұмыс жолға қойылған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында тиімді, әрі ерекше жоба жүзеге асқалы тұр. «Батыс транзит» АҚ МЖӘ аясында Атырау қаласының көше жарығын қамтамасыз етуді қолға алды.
Негізі, «Батыс транзит» АҚ мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында мемлекеттік деңгейдегі кейбір жобаларды сәтті жүзеге асыра білген компания. Мәселен, 2005 жылы осы кәсіпорын Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облысын электр торабымен байланыстыратын аймақаралық желінің құрылысын жүргізді.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында бұл компания енді әлеуметтік маңызы бар басқа да жобаларға атсалыса бастады. Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 39 көшені жарықпен қамтамасыз ету үшін жаңадан бағандар тұрғызылып, жарық үнемдейтін лампалар қойылады. Құрылысты 100% инвестор өзі қаржыландырып, құрылыс жұмыстары біткесін 6 жыл бойы осы көшелерді жарықпен қамтуды міндетіне алады».
Бұл жобаларды іске асыру уақыт талабынан туып отыр. Атырау қаласының көтеген көшелері жарықтандырылмаған. Сондықтан аймақ басшылығы үшін түнде түнекке оранатын көшелерді жарықтандыру әлеуметтік тұрғыдан да маңызды іске айналды.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асыратын жобалар мынадай бағытта қамтылады:
- Мемлекеттік және жеке әріптестердің арасында іске асатын жобалар бойынша тәуекелді теңдей бөлісу;
- Жобаға жеке инвестордың қаржысы салынатын болғандықтан, бюджеттің шығысын азайту;
- Мемлекеттік сатып алулардан мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің басты айырмасы құрылыс сапалы салынады. Себебі, ол істі жүзеге асырып, халыққа қызмет көрсету міндетін де жеке инвестор өз жауапкершілігіне алады.
Табысы сапалы қызметпен есептелетін болғасын кәсіпкер де ең алдымен сапаға қызмет жасайды.
«Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі орталығы» акционерлік қоғамының сарапшысы Шынасыл Ерназар бұл келісім турасында өз ойымен бөлісті: «Жоба құжаттарын дайындауды алғашқы келісімде инвестор өзіне алған болатын. Алайда, оны шешу ұзаққа созылып кеткесін «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі орталығы» АҚ екі арада кеңесші ретінде қызмет атқарды».
Осылайша, Атырау облысы әкімдігі мен Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі орталығының қолдауымен бизнес үшін де, мемлекет үшін де тиімді жобалар іске аса бастады.
Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі орталығының негізгі міндеті - инвесторлармен серіктестік орнату. Орталық жоспарлаған жобалар туралы ақпараттар орталықтың сайттарында жарияланады. Шетелдік инвесторлар негізгі мәліметтерді сол жерден алады. Сонымен қатар, жобаларға қатысты әртүрлі дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Және де мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің Заңнамасы аясында «бәсекелестік пікірталас» деген жаңа механизм іске қосылған. Ол жергілікті және шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып жаңа жобаларды талқылауға мүмкіндік береді. Таяуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі жобасы бойынша шоғырландырылған ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету жолымен инвесторлар ортасын кеңірек тарту үшін орталықта «Бірыңғай ақпараттық қоры» іске қосу күтілуде.
Бұл әлеуетті инвесторлар үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда 1,5 трлн теңге сомасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің 354 жобасы жүзеге асыру мен жоспарлаудың түрлі сатысында тұр. Оның ішінде 335 жобасы аймақтық жоба болып табылады. Соңғы бір жарым жылда 43 жобасы бойынша 31,1 млрд теңге жалпы сомасында келісім-шарт жасалды. Шетелдік инвесторлардың да қызығушылығы жоғары. Бұндай серіктестік бір жағынан бюджетке де жеңілдік әкеледі.