Атырау облысында қант бағасын негізсіз өсіруге байланысты 6 шағым түскен

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында қант бағасын негізсіз өсіруге байланысты 6 шағым түскен. Қазір өңірде қанттың келісі 495-527 теңге тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдаулет Жұмаситовтің мәліметінше, алдағы айда 680 тонна қант жеткізу үшін Алматы облысындағы «Көксу қант зауыты» ЖШС және «Азық-түлік келісім шарт» ҰК» АҚ-мен келіссөз жүргізіліп жатыр.

«Атырау облысына мамыр-маусым айларында аталған мекемелермен 1 200 тоннадан астам қант тасымалданды. Қазір қант қорының азаюына байланысты алдағы бір айға 680 тонна қант алдыру үшін келісімшарт жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес шілде айында өңірге тағы да қант тасымалдана бастайды. Өңірдегі супермаркеттерде қант бағасы – 495-527 теңге аралығында», - дейді Нұрдаулет Жұмаситов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың көтерме бағасына 15 пайыздан артық үстеме ақы қоса алмайды. Үстеме баға аталған пайыздан жоғары болу фактісі тіркелген жағдайда кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салынады.

«Егер тұтынушы қант немесе басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз көтерілгенін байқаса, қалалық немесе аудандық әкімдікке сауда жасаған түбіртекті өткізіп, арыз түсіре алады. Түбіртекте дүкеннің мекенжайы, өнім атауы мен бағасы көрсетілуі тиіс. Мұндай жағдайда кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-бабының 4-тармағы бойынша алдымен ескерту, кейін 30 000 - 900 000 теңге аралығында айыппұл салынады», - дейді Нұрдаулет Жұмаситов.

Осы кезге дейін облыс бойынша бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге қатысты алты шағым түскен.

«Бұл шағымдар назарға алынып, 1 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тексеріс жүргізілді. Ал, қалған 5 арыз бойынша тексеру жүргізуге қаулы дайындалып жатыр. Әкімдік өкілдері тұрғындардан шағым түскен жағдайда ғана тексеру жұмыстарын жүргізе алады. Сауда нүктелеріне 15%-дан жоғары үстеме баға қосқаны үшін тиісті шара алу мүмкіндігі бар», - деп түсіндірді басқарманың бөлім басшысы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысына 536 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жеткізілетінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар