Атырау облысында қараусыз малдың кесірінен 76 жол-көлік оқиғасы тіркелді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері қараусыз малдың кесірінен 76 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатынан 6 адам әртүрлі дене жарақатын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Аманжол Жұмалиевтың айтуынша, төрт түліктің кесірінен болатын жол-көлік апаты республикалық маңызы бар жолдарда тіркеліп отыр.

«Атырау облысының аумағында жыл басынан бері қараусыз жүрген мал 76 жол-көлік оқиғасының тіркелуіне себепкер болды. Осындай 8 жол апатынан 6 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Тек қыркүйек айында малдың кесірінен 27 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 9 оқиға облыстық маңызы бар Атырау-Индер тас жолында, ал, 18 дерек республикалық маңызы бар тас жолдарда болған. Мәселен, 26 қыркүйек күні сағат 00:30 шамасында Nissan Teana көлігі Орал-Атырау тасжолында жылқыға соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 1988 жылғы жүргізуші Атырау облыстық ауруханасына жеткізілді», -дейді Аманжол Жұмалиев.

Оның айтуына қарағанда, тұрғындар өз иелігіндегі малды қараусыз қалдырмауы қажет. Ал, жүргізушілер көлік жылдамдығын шектен тыс асырмағаны жөн.

«Жол-көлік оқиғасына байланысты жүргізуші кінәлі деп танылса ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 610-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданады. Ал, мал иесі кінәлі болса, аталған құжаттың 408-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бүлінген автокөліктің материалдық шығынын түгел өтейді», -деп мәлім етті Аманжол Жұмалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері жол апатынан 53 адам мерт болғанын жазған едік.


Фото: static.dir.bg




Соңғы жаңалықтар