Атырау облысында кәріз суын далаға төккен кәсіпорынға екі рет айыппұл салынды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында кәріз суын далаға төккен кәсіпорынға екі рет айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысында кәріз суын далаға төккен кәсіпорынға екі рет айыппұл салынды

Атырау облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жылыой су» МКК-ның кәріз суын тазаламай далаға төгіп келген.

«Биыл маусым айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірге Жылыой ауданында орналасқан «Жылыой су» МКК-ға тексеру жүргізіліп, кәріз суын Құлсары қаласының шеткі аймағына тазалаусыз және рұқсатсыз төккенін анықталды. Осыған байланысты Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан шара қабылдау туралы хат түсті», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Экология департаментінің мамандары «Жылыой су» МКК-ға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі хатта көрсетілген деректерді растады.

«Анықталған заң бұзушылықтарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 331-бабы және 328-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Іс құжаттары «Жылыой су» МКК-ның арызы негізінде Жылыой аудандық сотына қарауға жолданды. Соттың 8 тамыздағы қаулысымен «Жылыой су» МКК-ға әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 380 000 теңге, 1 қыркүйектегі қаулысымен 272 871 871 теңге әкімшілік айыппұл салынды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Теңіз кен орнында ауаға нормадан артық 425 тонна зиянды зат шығарылғанын хабарлаған едік.