Атырау облысында кәсіпкерлер 1 трлн 300 млрд теңгенің өнімін өндірді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында кәсіпкерлер жыл басынан 1 трлн 300 млрд теңгенің өнімін өндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің мәліметінше, биыл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім екі есеге артқан.
«Өткен жылы Атырау облысында 57 мың шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі тіркелсе, биыл олардың саны 64 мың 500-ге жетті. Оның ішінде 49 мың жеке кәсіпкер, 12 мыңға жуық заңды тұлға мен 3 мың 500 шаруа қожалығы бар. Тіркелген субьектілердің 90% өз кәсібін толық игеріп отыр. Биылғы жыл басынан бері кәсіпкерлердің шығарған өнімдері 1 трлн 300 млрд-қа жуық теңгені құрады. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсіп отыр», - дейді Нұрбол Жаңабеков.
Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасымен әр тоқсан сайын кәсіпкерлермен кездесу өтеді. Биылғы сәуір мен қыркүйекте өткен кездесуге 200-ден аса кәсіпкер қатысқан.
«Кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныстар кезең-кезеңімен орындалып жатыр. Шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыру мәселесі назардан тыс қалмайды. Тың идеялармен өз кәсібін бастағысы келетін тұрғындарға қайтарымсыз гранттар, пайызы төмен несиелер сынды үш қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды», - деп мәлім етті Нұрбол Жаңабеков.