Атырау облысында қатты жел шатырларды ұшырып әкетті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында қатты жел шатырларды ұшырып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Кеше, 28 наурызда 112 қызметінен өңір тұрғындарына «29 наурызда күндіз Атырау облысының шығысында, батысында және орталығында шаңды дауыл күтіледі. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады. Облыстың басым бөлігінде күндіз жел екпіні секундына 23-28 метрге жетеді» деген хабар келген еді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін, 29 наурызда жергілікті уақытпен сағат 16:00-ге дейін бірнеше рет шатырлар ұшқан.

«Бүгін екпіні секундына 22-28 метрге жеткен қатты жел соғып тұр. Қатты желдің салдарынан 7 тұрғын үй мен 2 балабақшаның шатырын ұшырып әкетті. Мәселен, Атырау қаласында 6 тұрғын үйдің шатыры мен қабырға қаптамасы бүлінді. «Нұрсая» шағынауданы мен Ақжар кентіндегі «Ақбөбек» балабақшасының шатыры ұшты. Ал, Мақат ауданының орталығы – Мақат кентіндегі көп қабатты тұрғын үйдің шатырына ішнара зақым келді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қатты желдің зардабын жойып, тұрғындарға жедел көмек көрсету үшін департаменттің 20 құтқарушысы мен 4 техника жұмылдырылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында көліктері батпаққа батқан бірнеше адам құтқарылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар