12:06, 16 Тамыз 2021 | GMT +5
Атырау облысында көлік қаққан 9 жасар бала мерт болды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында көлік қаққан 9 жасар бала ажал құшты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, оқыс оқиға Мақат ауданында болған.
«Мақат аудандық полиция бөліміне 12 тамызда сағат 19:00-де Мақат кентінде велосипедпен келе жатқан баланы көлік қаққаны хабарланған. Жасөспрімді «Тoуota SIENNA» автокөлігімен қағып кеткен 53 жастағы азамат анықталды. Оқиға орнында 2012 жылы туған бала есін жимастан қайтыс болған. Жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында бір отбасының 4 адамын қаққан жүргізуші ұсталған болатын.