Атырау облысында көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды - жаңа Қаулы

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында тұрақты эпидемиологиялық ахуалды сақтау мақсатында мереке күндері қарсаңында көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Бұл туралы бүгін, 8 желтоқсанда Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Мәдениет Танауов қол қойған жаңа қаулыда айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды - жаңа Қаулы

«Барлық меншік түріндегі ұйымдарға, кәсіпорындарға, мектеп және мектепке дейінгі мекемелерге, орта және жоғары білім беру ұйымдарына көпшілік іс-шаралар (ертеңгіліктер, мәдени, тәрбиелік, сыныптан тыс және ата-аналар жиналыстарын және т.б.) өткізуге тыйым салынсын», - делінген құжатта.

Аshyq жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметіне қызметкерлер мен келушілерде қауіпсіз «жасыл» мәртебе болған жағдайда (вакцинация, сынама алған кезден бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР тест, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылған адамдар) рұқсат етіліп отыр.

Сондай-ақ сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің қызметіне де осындай талап қойылған.

Жаңа қаулы 2021 жылғы 10 желтоқсанда сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырау облысында коронавирусқа шалдыққан 227 адам ауырып жатқанын хабарлаған болатынбыз.