Атырау облысында қорада жинаулы тұрған 50 бума шөп жанып кетті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында бір кеште екі қорадағы 50 рулон шөп жанып кетті. Бір қорада 40, ал екіншісінде 10 рулон жиналып тұрған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрттің екеуі де кеше, 16 тамызда болған.

«Кеше сағат 18:36-да Құрманғазы ауданының орталығы – Құрманғазы ауылында М. Қабдолқызы көшесінде тұрғын үйдің қорасындағы 40 рулон өртенді. Қысқы мал азығы аумағы 20х10 метрлік қорада жинаулы тұрған. Өрттің салдарынан тұрғын үйдің 8х10 метр сыртқы полифассад қаптамасы балқып кетті», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Өрт сағат 19:27-де оқшауланып, сағат 20:03-те жойылды.

Сол күні тағы бір өрт тіркелді. Түнгі сағат 22:33-те Жылыой ауданындағы Майкөмген ауылында қорада жинаулы тұрған 10 рулон шөпті жалын шарпыды.

«Тұрғын үйдің ауласындағы қора шпалдан салынған. Жалынның салдарынан аумағы 20х20 метрлік қора да, оның ішіндегі 10 рулон шөп те жанып кетті», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.

Жалын бүгін, 17 тамызда сағат 00:13-те оқшауланып, сағат 01:33-те сөндірілді.

«Облыс тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауды ескертеміз. Өйткені, адам өміріне қауіп төндіреді. Сол себептен, осы кезге дейін құтқарушылар өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру, өрттің және төтенше жағдайлардың алдын алу, болдырмау мақсатында 26 440 жеке тұрғын үйге барып, 78 897 тұрғынға 79 289 дана жаднама таратты», - деп хабарлады қоғаммен байланыс тобы.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 159 өрт тіркеліп, 2 адам қаза тапқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар