Атырау облысында корейлер орнатқан «Қазақ халқына мың алғыс!» ескерткіші бар

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 3 мыңға жуық корей этносының өкілі тұрады. Олар 5 жыл бұрын «Қазақ халқына мың алғыс!» ескерткішін орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында корейлер орнатқан «Қазақ халқына мың алғыс!» ескерткіші бар

Қиыр Шығыстан 85 жыл бұрын Қазақстанға күштеп депортацияланған корейлердің бір тобы Атырау облысына қоныстанған.

Олардың алғаш табан тіреген орны – Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылы. Бұл ауыл бұрын Чкалов аталған еді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін атауы өзгерді.

Бұдан бес жыл бұрын «Тхониль» корей этно-мәдени бірлестігі Бейбарыс ауылында «Қазақ халқына мың алғыс!» сөзі жазылған ескерткіш орнатуға ұйытқы болды.

Бірлестік жетекшісі Людмила Лидің айтуынша, бұл ескерткіш – қиын кезеңде жатсынбай, бауырына басқан қазақ халқына шексіз ризашылықтың белгісі.

«Корейлер қазақ жерінде өсіп-өніп жатыр. Қазір Атырау облысында үш мыңға жуық корей этносының өкілі тұрады. Корейлер жергілікті тұрғындармен қыз алысып, қыз беріскен құдандалы болып отыр. «Тхоньил» этномәдени бірлестігін құрып, тіліміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртып келеміз. Бірлестік мүшелері өңірдегі мәдени-көпшілік шараларға белсенді қатысып жүр», -дейді Людмила Ли.