Атырау облысында коронавирусқа шалдыққандар саны күрт көбейді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Кешеден бері «сары» аймаққа өткен Атырау облысында коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны күрт көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында коронавирусқа шалдыққандар саны күрт көбейді

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы 3 қаңтардан бері қауіпті вирусты жұқтырушылар қатары көбейіп отыр.

Мәселен, 3 қаңтарда – 20, 6 қаңтарда – 22, 8 қаңтарда – 33, 9 қаңтарда 42 адамнан коронавирус инфекциясының белгісі табылған. Ал, өткен тәулік – 10 қаңтарда 97 адамның Covid-19 инфекциясын жұқтырғаны анықталып отыр.

«Соңғы тәуліктерде өңірде коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өскені

байқалады. Тек 10 қаңтарда 97 науқас анықталды. Әсіресе, Атырау қаласында бір күнде Covid-19 инфекциясын жұқтырудың 80 жағдайы расталды. Қауіпті вирус Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында – 6, Индер ауданында – 5, Құрманғазы ауданында 6 адам жұқтырды. Коронавирус инфекциясының симптомды белгісі 52 науқаста байқалса, 45 адамда індет белгісі жоқ», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Өткен тәулікте коронавирустан 7 адам сауығып шыққан. Қазір 128 адам үй жағдайында емделу үшін оқшауланған. Ал, модульдік ауруханада – 124, аудандардағы инфекциялық стационарларда – 14, Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда 93 науқас арнайы хаттамаға сәйкес ем-дом қабылдап жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бір тәулікте 18 адам коронавирус

жұқтырғанын хабарлаған едік.