Атырау облысында құлаған электр бағаналары 1975 жылдан бері қолданыста болған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында құлаған электр бағаналары 1975 жылдан бері қолданыста болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау-Жарық» АҚ президентінің орынбасары Мейірбек Ғұбашевтың мәліметінше, 5 наурызда Құрманғазы ауданында жоғары кернеулі электр желісі тартылған 200 бағана құлаған.

Бұған қар аралас нөсер жаңбыр мен қатты желдің соққаны әсер еткен.

«Соның салдарынан ауданның елді мекендері жарықсыз, жылусыз және байланыссыз қалды. Ауданда құлаған бағаналар 1975 жылдан бері қолданыста болды. Электр энергиясынан 10 890 абонент ажыратылды. Мұндай жағдай ауданда алғаш рет болып отыр. Осыған байланысты облыстан қосымша 60 электромонтер, 22 арнайы техника, СВ-10,5 бағанасының 152 данасы, «Атырау-Жарық» АҚ қорынан АС-120 мм және АС-50 мм сымдарының екі орамасы жіберілді. Алайда, Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданы арасындағы жолдың қазіргі жағдайы, қашықтығы ескеріліп, бағаналар бір рейске 10 данадан жеткізілді. Мұның бәрі, әрине, жұмысты кешіктірді», -дейді Мейірбек Ғұбашев.

Оның айтуынша, қазір Бірлік, Көптоғай, Каспий, Қамысты және Құлес ауылдарында ВЛ-10 кВТ желісін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының Құрманғазы ауданында 400-ге жуық электр бағанасы құлағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар