Атырау облысында мал бағуға шыққан ер адам жоғалып кетті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мал бағуға шығып, жоғалып кеткен ер адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, ол кеше мал жаюға шыққан. Оның мал жаятын өрісі аудан орталығы – Құлсары қаласынан қай бағытта екені нақтыланбаған.

«Жылыой ауданы тұрғынының 9 мамырда сағат 8:00-де өріске мал айдап шыққаны анықталды. Бірақ, содан бері одан еш хабар болмаған. Осы уақытқа дейін тұратын жеріне қайта оралмаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Бір күн бұрын мал жаюға шығып, хабар-ошарсыз кеткен ер адамның жасы 30-да. Әзірге оның жоғалып кетуіне не себеп болғаны белгісіз күйде қалып отыр.

Жоғалған малшыны іздестіру бүгін, 10 мамырда жергілікті уақытпен сағат 11:15-те басталды. Іздестіру жұмыстары Жылыой ауданының аумағындағы жазық далада жүріп жатыр.

Оған облыстық төтенше жағдайлар департаметінен 6 қызметкер, 1 қызметтік ит, туыстарынан 4 адам, ӨКМ-нен 1 қызметкер тартылды. Сондай-ақ, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның «Ми-8МТВ UPMI844» тікұшағымен Құлсары қаласынан 150 шақырым радиуста әуеден барлау жүргізу қолға алынды. Тікұшақтың экипаж құрамында 5 адам бар.



Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам іздестіріліп жатқанын, кейін олар аман-есен табылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар