Атырау облысында мемлекеттік аудиттен кейін бірнеше шенеунік жазаға тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты игеруде анықталған кемшіліктерден кейін Атырау облысында қандай шаралардың қабылданғаны туралы Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік аудит жұмысының қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің қаражатын игеруде жалпы сомасы 498 млн теңге бойынша кемшіліктер, процедуралық сипатта 108 бұзушылықтың бары анықталған. Аудиттің қорытындысы бойынша облыс әкімдігі келесі жолы кемшіліктерге жол берілмес үшін келесі шаралар қабылданды. Нақтырақ айтқанда, облыстық ауыл шаруашылығы бойынша өтелуі тиіс 40 млн теңгенің 17 миллионы қайтарылды. Қалған сома бойынша кесте бекітіліп, жылдың соңына дейін қаражат 100 пайыз қайтарылады. Бұл жерде бұзушылықтардың 22 пункті бойынша түсіндіру кеңестері жүргізілді. Айта кетерлігі, облыс әкімінің орынбасары мен ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының жұмыстары комиссияда қаралды, қазіргі таңда екеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді. Олар тексеріске дейін өз өтініштері бойынша жұмыстан шығып кетті», - деді Серік Шапкенов Есеп комитетінің кезекті отырысында.
Оның айтуынша, қалған салалар бойынша кемшіліктерге жол берген қызметкерлер жазаланған. Аудит жұмысының қорытындысы бойынша жаңа комиссия құрылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
«Денсаулық сақтау саласы бойынша өтелуі тиіс 3 млн теңге төленді. «Ескерту» түрінде вакциналар қоймасының жетекшісі тәртіптік жазаға тартылды. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермеу үшін вакциналар бойынша арнайы комиссия құрылды. Вакциналарға қатысты шағымдар көп еді. Осыдан былай арнайы комиссия саланы қатаң бақылауға алады. Қалалық №1 емхана туралы айтар болсақ, ол жерде 32 миллион теңге толығымен қалпына келтірілді, төленді. Тиімсіз шығындарға байланысты қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылды», - дейді Серік Шапкенов.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары құрылыс саласындағы кемшіліктер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, шындыққа сәйкес келмейтін есеп берген жауаптылардың ісі қолға алынғанын айтты. Жол құрылысындағы кемшіліктерді еңсеру үшін де облыста арнайы комиссия құрылған.
Еске сала кетсек, бүгін Есеп комитетінің кезекті отырысында Атырау облысына бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары жарияланған болатын. Отырыста Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан баяндама жасап, аталмыш өңірде республикалық бюджеттің атқарылуындағы бірқатар кемшіліктерді атаған еді.