Атырау облысында мемлекеттік қызметшілердің 83 пайызы декларация тапсырған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 13 194 мемлекеттік қызметкер декларация тапсырған. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің 83 пайызын құрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде ведомоствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Онда жалпыға бірдей декларациялауды енгізу туралы, атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық актілер жобасына жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысына мониторинг және «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері қаралды.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бекен Шанаевтың мәліметінше, биыл 15 834 мемлекеттік кызметші декларация тапсыруы тиіс.

«Осы кезге дейін 13 194 мемлекеттік қызметкер декларация тапсырды. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің 83 пайызын құрап отыр. Келесі жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, олардың жұбайлары декларация тапсыру мен оны толтыру нұсқаулықтарын үйрету іс-шараларына облыс көлемінде жұмсалатын қаржыны бюджет есебінен бөлуді сұраймын», -деді Бекен Шанаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Досановтың айтуынша, атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық актілер жобасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысына мониторинг жүргізілген. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 900 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.

«Қазір «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-дағы басты проблемалық мәселенің бірі – кадр саясаты. Жұмысқа қабылдау аталған лауазымға кандидаттың сәйкестігін алдын ала қарау рәсімінсіз жүзеге асырылады. Қызметкерлердің біліктілік талаптары бекітілмеген. Ресми сайтта немесе әлеуметтік желілер парақшасында бос лауазымдар туралы қандай да бір ақпарат жарияланбайды», -дейді департаментке қарасты превенция басқармасы басшысының орынбасары Ғибат Кукатов.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен күрес – мемлекеттік саясаттың басты бағыты.

«Сол себептен, біз өз тарапымыздан жемқорлықпен күресудің алғашқы қадамы ретінде ашықтықты талап етуіміз қажет. Мемлекеттік жобаларды іске асыруда ашықтық пен жариялық принциптері сақталуы керек. Тұрғындар үшін кез-келген ақпарат қолжетімді болуы тиіс», -деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 2 мыңға жуық жұмыссыз адамды оқытуға 158 млн теңге бөлінген болатын.


Соңғы жаңалықтар