Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық ағып жатқан аумақ қоршалды

None
Видеодан алынған кадр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық ағып жатқан аумақ қоршалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мұнай төгілген Махамбет ауданындағы Есбол ауылдық округінен 40 шақырым қашықтықта анықталған.

«Махамбет ауданына қарасты Сары Өскембай учаскесіндегі К-3 крелиустік ұңғымадан май ағып жатқан аумағы толықтай қоршалды. Алдағы уақытта атқарылар жұмыстың бәрі департамент қызметкерлерінің бақылауында болады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын әлеуметтік желі қолданушысы Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылғаны туралы туралы видео жүктеген еді.

«Атырау облысының бас экологына, экология жанашырларына құлаққағыс. Махамбет ауданындағы Сары, Өскенбай деген жердің маңында мұнай өздігінен шығып жатыр. Бұдан малымызға қауіп төнеді. Бұған малымыз құласа, өледі. Далаға үлкен көлемде мұнай төгіліп жатыр. Шара қолданыңыздар», -дейді видео авторы.

Кейін Атырауда мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер екі жылдан бері тазаланбағанын жазған болатынбыз.

Экология департамент тарапынан ластанған аумақты тазалау туралы Махамбет ауданының әкіміне 2021 жылғы 9 қарашада, кейін қайтадан 2022 жылғы 7 маусымда хат жолданған. Былтырғы 20 желтоқсанда Атырау облысының әкіміне хат жіберілген.

«2021 жылғы 13 тамызда ластанған жерге өлшем жүргізілді. Ластанған және фондық топырақтан алынған сынама нәтижесінде топырақ құрамында мұнай өнімдері көп мөлшерде екені анықталды. «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаментінің мәліметінше, бұл аумақта Оңтүстік Байменке К-3 крелиустік ұңғыма орналасқан. Алайда, ұңғыма жер қойнауын пайдаланушыға берілмеген. Жер де, ұңғыма да мемлекет меншігінде», -деп хабарлаған еді департаменттің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар