Атырау облысында Нидерландының 12 компаниясы жұмыс істейді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Нидерланды корольдігінің құрметті консулдығы ашылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездескен Нидерланды корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андре Карстенс мәлім етті.
Тараптар кездесуде түрлі саладағы екіжақты ынтымақтастық пен инвестиция тарту мәселесін талқылады.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, Атырау облысымен сыртқы экономикалық байланыс орнатқан елдердің қатарында Нидерланды корольдігі де бар.
«Биылғы қаңтар-мамыр айларында Атырау облысының Нидерланды елімен сауда айналымы 1,28 млрд АҚШ долларын құрады. Аталған елдің 12 компаниясы өңірде мұнай-газ өндіруді техникалық қолдау, инженерлік құрылғылар құрылысы, құбыр арқылы тасымалдау, жүк тасымалы секілді салаларда белсенді қызмет етуде. Өңір экономикасына нидерландылық инвестицияны тартуға, бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндік мол. Әсіресе, Нидерландымен өнеркәсіп, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы салаларында екіжақты қарым-қатынасты қарқынды дамытуға болады» -деді Махамбет Досмұхамбетов.
Нидерланды корольдігінің Төтенше және Өкілетті елші Андре Карстенс Атырау қаласында құрметті консулдық ашу мәселесін көтерді. Бұл ұсыныс облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тарапынан қолдау тапты.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда түркиялық инвестор күкірт бетонитін өндіруі мүмкін екенін хабарлаған едік.