Атырау облысында он күнде балық аулау ережесін бұзған 74 дерек тіркелді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында он күнде балық аулау ережесін бұзған 74 дерек тіркелді. Балық қорының заңсыз айналымына байланысты 77 құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 10 қыркүйекте «Бекіре-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасының күзгі кезеңі басталды. Бұл акция 31 қазанға дейін жалғасады.

«Аталған іс-шараның алғашқы 10 күнінде балық қорының заңсыз айналымына байланысты 77 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде балық аулау ережелерін бұзуға қатысты 74, балық және балық өнімдерін заңсыз тасымалдау әкетуге байланысты 3 дерек тіркелді. Балық қорғау заңдылығын бұзған 77 адам ұсталды. Олардан 199 келі балық тәркіленді. Құқық бұзушылардан 74 балық аулау құралы алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 383-бабымен (Балық аулау қағидаларын бұзу) 74 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде 1 адамға қатысты жинақталған іс құжаты сотқа жіберілді.

Сондай-ақ, Атырау облыстық Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясына қара балықтарды және оның өнімдерін заңсыз тасымалдау, әкетуге қатысты 3 құжат жолданды. Балықты заңсыз тасымалжаған 4 адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 389-бабымен «Жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз иемдену, өткізу, алып өту, әкелу, әкету, сақтау, ұстау) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Заңсыз балық аулаған атыраулықтарға 15 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз .



Соңғы жаңалықтар