Атырау облысында өртенген 1 мыңнан астам қой үшін өтемақы төленбейді
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиевтің айтуынша, Құрманғазы ауданында өртенген 1 мыңнан астам қойдың жартысы ет комбинатына жөнелтілді.
«Құрманғазы ауданындағы «Сүйіндік асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС иелігіндегі 1 мыңнан астам еділбай тұқымды қойды дала өрті шарпыды. Оның ішінде 619 саулық, 414 қозы болғаны анықталды. Ауладағы 516 қой, 1 інген, 1 бота толықтай өртеніп кеткен. Ал 13 қой жоғалған. Қазір шаруашылыққа келтірілген шығын анықталып жатыр. Бірақ, серіктестік басшылары малды сақтандырмаған. Сол себептен кәсіпкерге мемлекет тарапынан өтемақы төленбейді», - дейді Азамат Айтқалиев.
Оның дерегіне қарағанда, 500-ден астам қой көршілес Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында орналасқан ет комбинатына жөнелтілген. Термиялық өңдеуден өткен соң одан ет өнімдері дайындалады.
Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өрт шарпыған жер көлемі 47 гектарды құраған. Дала өрті Жалғызапан ауылының Асқар, Бесоба, Апандыкөл қыстақтарының аумағына жайылған.
Өртті сөндіруге Сүйіндік ауылдық округінің 30 тұрғыны, Азғыр өңірінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан «ТАТ Арка» ЖШС-ның 10 техникасы тартылған.
«Сүйіндік ауылында өрт сөндіру қызметінің арнайы жасағы жоқ. Ауыл мен аудан орталығының арақашықтығы – 270 шақырым. Өрттің болғаны туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне хабарланбады. Батыс Қазақстан облысында басталған өрттің көршілес Астрахан облысына дейін жалғасқаны белгілі болды. Жалын шарпыған жердің жалпы аумағы – 100 гектар», - деп мәлім етті облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дәурен Берденов.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында 1 мыңнан астам қой тірідей жанып кеткенін хабарлаған болатынбыз.